Ән кешіне Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев арнайы қатысып, жеңімпаздарды құттықтады. Сонымен қатар Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, «Романсиада» халықаралық байқауының идея авторы және ұйымдастырушысы Галина Преображенскаяға облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың атынан алғыс хат табыстады, деп хабарлайды Turkistan-digest.kz.
Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы мен «Южный Казахстан» қоғамдық-саяси газетінің ұйымдастыруымен өткен өнер додасына Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан елінен 64 үміткер қатысып, байқау ережесіне сәйкес екі кезең бойынша бақ сынады.
Қазылар алқасының шешімімен гран-при Отабек Назировке (Ташкент) бұйырды. Сондай-ақ «Қазақ романсы» бағытында 1-орынды Жұлдыз Байжұма (Алматы), Бибарыс Әліш (Астана), 2-орынды Мұхтар Ахметов (Алматы), Аружан Құсайынова (Алматы), 3-орынды Қадырбек Қалдар мен Шерзод Абдуллозода (Душанбе), «Орыс романсы» бағытында бойынша 1-орынды Диляра Дүйсекеева (Көкшетау), Саят Абдулла (Алматы), 2-орынды Салтанат Мұратқызы (Алматы), Мухаммад-Юсуф Абдукодиров (Ферғана), 3-орынды Әлихан Бейсеков (Алматы), Ердәулет Амангелді (Шымкент) иеленді. «Романсиада аруы» номинациясымен Баянсұлу Сағындықова (Шымкент), «Романсиада үміті» номинациясымен Ыбырай Махамбет (Шымкент), Дамир Әбдіғаппар (Қызылорда) мен Нұрсәндібек Жақсылық (Қызылорда), «Романтикаға адалдығы үшін» номинацисымен Эльбрус Сарсенбаев (Ташкент), «Жарқын дауыс» номинациясымен Кодиржон Өткіров (Ташкент) марапатталды.
Айта кетейік, байқау жеңімпазы желтоқсан айында Мәскеуде өтетін халықаралық романс орындаушыларының қорытынды байқауына қатысады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі