Қарт теңіздің бергі жағы – Каспий, арғы жағы Хазар аталады. Бергі жағынан көкке көтерілген ұшақ арғы жағына зулай беттеп барады. Тілі туыс, түбі бір екі халықтың арасын жалғап жатқан арнасы кең телегей иллюминатордан да шетсіз-шексіздей көрінеді екен. Ұшақтағы төрт сағат та тез өте шықты. Жарқыраған ақшаңқан әуежайдан-ақ бұрын-соңды табанымыз тимеген алып қаланың жайлы екенін сезініп үлгердік. Әуежайдан шыққанда теңіздің иісі бар дымқыл, ыстық ауа кеудені кернеді. Түннің бір уағы болғанына қарамастан, сансыз шамдары самсаған, екі миллионнан астам тұрғыны бар қаланың тірлігі қыз-қыз қайнап жатыр. Қош көрдік, Баку!
Даулы Қарабақ
Ертесі ертемен Әзербайжан халықаралық қатынастарды талдау орталығының басшысы Фарид Шафиевпен кездесу өтті. Ол Әзербайжан мен Армения арасындағы қарым-қатынас, қазіргі ахуал туралы сөз қозғап, сұрақтарға жауап берді. Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Қытай журналистерінің басын қосқан осы сапардың негізгі мақсаты да сол – қанша жылдан бері даудың, қақтығыстың өзегі болған Қарабақ аймағы, оккупациядан кейінгі қалалардың қазіргі ахуалын көрсету, сауалдарға жауап беру.
Осыдан шамамен 3 жыл бұрын, 2020 жылғы 27 қыркүйекте Әзербайжанның Қарабаққа шабуыл жасағанын туралы ақпарат жер-әлемге тарады. Әзербайжан билігі бұл операция Арменияның оқ жаудырғанына қарсы жауап деп мәлімдеді. Қос тарап сол жылғы 10 және 18 қазаннан бастап атысты тоқтату туралы уағдаласқанымен, қақтығыс тоқтаған жоқ. Қарашадан бастап Әзербайжан, Ресей, Армения атысты тоқтату және бітімгерлерді Қарабаққа жіберу, сондай-ақ аймақтағы бірқатар ауданды Әзербайжанға беру туралы үшжақты келісімге келген болатын. Осылайша, 30 жыл бойы оккупацияда болған аймақтар 44 күнде Әзербайжанға қайтарылды. Ал үшжақты келісімде екі елдің алдағы қарым-қатынасын айқындайтын, реттейтін негізгі ережелер бекітілді. Соның ішінде шекара, шекарадан өту мәселелері де қарастырылған.
Жақында бүкіл әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары армян тарапының «Армения мен Әзербайжанның Қарабақ аймағын байланыстыратын «Лачин» шекара дәлізі әлі бұғатталған» деген мәлімдемесін жарыса жазған болатын. Мұны Армения премьер-министрі Никол Пашинян 3 тамызда Армения Үкіметі отырысында сөйлеген сөзінде айтқан. Оның сөзінше, Армения үкіметі жіберген гуманитарлық көмек Қарабақтағы «Лачин» дәлізінен өте алмай, қаңтарылып тұр. Ол аймақтағы Ресей бітімгерлері гуманитарлық көмек неліктен өтпей тұрғанын түсіндіруі керек екенін де қосып өтті.
– Әзербайжан Президенті Euronews-ке берген сұхбатында «Лачин» дәлізі бұғатталмаған деген мәлімдеме айтты, бірақ Қарабақтағы Ресейдің бітімгерлік контингентінің Армения үкіметі жіберген гуманитарлық жүкті Қарабаққа неге өткізбегені туралы түсініктемені тыңдағымыз келеді, – деді Пашинян.
Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі бұл айыптауды теріске шығарып, Ереванды жағдайды ушықтыруға тырысты деп айыптады.
– «Лачин» шекара өткізу пунктінің жұмысы, Армения-Әзербайжан шекарасының аумақтық тұтастығы мен делимитациясы мәселелері бойынша халықаралық қауымдастықты тағы да адастыруға тырысуы армян тарапының жағдайды ушықтырмаққа ниетін байқатады, – деп жауап берді Әзербайжан жағы.
Сонымен қатар Бакумен келіспей, жүк тасымалдауға жол берілмейтіні келісімде көрсетілгенін айтты. Олардың сөзінше, бұл – бірнеше рет қайталанған, айтылған, ескертілген жайт. Орталық басшысы Фарид Шафиев осы мәселенің мән-жайын, ол дәліз бейбіт тұрғындарға ашық екенін, ал жүк өткізетін басқа да дәліздер бар екенін түсіндіріп, сұрақтарға жауап берді.
– Бұл – Әзербайжан Арменияға ұсынған бейбіт келісімшарт. Құжат түрінде. Онда екі тараптың шекарасына қатысты мәселелер қамтылған негізгі бес бөлім бар. Яғни, келісім бойынша Армения Әзербайжанның территориялық тұтастығын мойындауы керек. Биылғы мамырда ғана Пашинян мұны қабылдайтынын, яғни Қарабақты Әзербайжандікі деп мойындайтынын мәлімдеген болатын. Дегенмен іске келгенде, армяндар басқа механизм болғанын қалап отыр. Бұл бірқатар қиындық туындауына ықпал етуде. Егер келісімге келсек, экономикалық, қауіпсіздік тұрғысынан көптеген мәселе оң, ұтымды шешілер еді, – дейді ол.
Бірінші Қарабақ, Екінші Қарабақ соғысы дегенімізбен, бұл аймақ үшін қақтығыстың оты жүз жыл бұрын тұтанған. Содан бері Қарабақтың төңірегінде дау, қақтығыс тоқтамай келді. Айтпақшы, Әзербайжан халқы Қарабақ сөзінің алдына «таулы» деген анықтаманы қоспайды екен, бұл – әлімсақтан әзербайжанға тиесілі аумақты бөліп алу үшін қолдан жасалған тіркес дейді олар…
Жоғалғандар мен оралғандар
Жиыннан кейінгі сәл үзілістен соң Әзербайжан Бас прокуратурасы ғимаратына бет алдық. Мұнда Әзербайжан әскери прокуратурасының және әскери тұтқындар, кепілге алынғандар және хабар-ошарсыз кеткен азаматтар істері жөніндегі мемлекеттік комиссиясының баспасөз мәслихаты өтті. Брифингте бірінші Қарабақ соғысында хабар-ошарсыз кеткен әзербайжандарға қатысты мәліметтер жарияланды. «Армения Қарулы Күштерінің 1988 жылдан бері Әзербайжан Республикасының азаматтарына қарсы жасаған қылмыстары нәтижесінде хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру нәтижелері жарияланады» деп жазды Azertac.
Президент Әкімшілігінің Сыртқы саясат мәселелері жөніндегі бөлімінің меңгерушісі Ғабиб Микаилла, тұтқындар және хабар-ошарсыз кеткендер, кепілге алынғандар істері жөніндегі мемлекеттік комиссияның хатшысы, жұмыс тобының басшысы Исмаил Ахундов, Бас прокурордың арнайы тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі Ильгар Сафаров, әскери прокуратураның арнайы тергеу бөлімінің бастығы Эмиль Тагиев баяндама жасап, сұрақтарға жауап берді.
Президент Әкімшілігінің Сыртқы саясат жөніндегі бөлімінің бастығы Хабиб Микаилла Армения жоғалған әзербайжандар туралы ақпарат беруден қорқатынын мәлімдеді. Ол бірінші Қарабақ соғысы кезінде Әзербайжан шамамен 3 900 адамынан айырылғанын айтты.
– Жерімізді басқыншылардан босату осы жерлердегі біздің жұмысымызды күшейтуге мүмкіндік берді. Жаппай жерлеу орындарын тауып жатырмыз. Табылған қалдықтар армян әскерилері тұтқындарды үнемі азаптағанын дәлелдейді. Армениямен көптеген мәселе бойынша, соның ішінде хабар-ошарсыз кеткендерге қатысты келіссөздер жүргізіліп жатыр. Армения бізге хабар-ошарсыз кеткендердің тағдыры туралы мәлімет, сонымен қатар жаппай жерлеу орындарының, жерленгендердің тізімін береді деген үміттеміз.
30 жыл өтсе де олар бұл ақпаратты бөлісуден қорқатын сияқты. Өйткені олар тізім жасаса, соғыс қылмыстары жөніндегі комиссия тиісті шараларды қабылдайтынын біледі. Бұл мәселеде халықаралық деңгейде ынтымақтастық қажет, – деді ол.
Әзербайжан Үкіметінің ресми мәліметіне сүйенсек, Армения Республикасының әскери агрессиясының нәтижесінде 20 мыңнан астам адам қаза тауып, 50 мыңнан астам адам жараланған немесе мүгедек болып қалған. Ел билігі мұны геноцид деп есептейді. Мұнан зардап шеккен миллионнан астам адам 29 жылдан бері босқын болып күн кешіп келеді.
Қазір Әзербайжан Республикасының әскери тұтқындар, кепілге алынған және хабар-ошарсыз кеткен азаматтар жөніндегі мемлекеттік комиссиясы хабар-ошарсыз кеткен
3 874 адамды тіркеген. Оның ішінде 3 126 әскери адам, 748 бейбіт тұрғын бар. Бейбіт тұрғындар арасында 66 бала (44 ұл, 22 қыз), 265 әйел, 302 қария бар. Жоғалған 3 874 адамның ішінде армян әскерилері соғыс кезінде тұтқынға және кепілге алған 871 адам туралы ғана ақпарат бар. Оның 590-ы әскери, 281-і бейбіт тұрғын. Бейбіт тұрғындар арасында 29 бала (22 ұл, 7 қыз), 98 әйел, 111 қарт (49 ер адам, 62 әйел адам) бар.
Жиын соңында «Армяндардың тұтқынында: азаптау және кісі өлтіру антологиясы» атты кітап таратылды. Онда босап шыққан 1 440 тұтқын мен кепілге алынған 339 адамның естеліктері, айғақтар жинақталған. «Осы қылмыстарды жасаған адамдар халықаралық құқық нормаларына сәйкес жазаланады деп сенеміз. Армения басып алған Әзербайжан аумақтарында геноцид және этикалық тазарту саясатын жүргізді, қақтығыс аймағынан алыс бейбіт тұрғындарға қарсы арандатушылық-террористік әрекеттер жасады. Тек террористік актілердің нәтижесінде жүздеген адам қаза тауып, жараланды. Жүргізілген тергеу және сот тергеулері барысында террористік актілерді Армения Республикасының арнайы қызметтері, армян террористік ұйымдары және сепаратистік құрылымдар жасағаны дәлелденді. Халықаралық гуманитарлық құқық нормалары бұзылған және барлық адами құндылықтар еленбеген» деп жазылған кітапта.
Бояуы қанық Баку
Ресми іс-жиындардан соң Бакуді аралаудың сәті түсті. Күндіз қаланың ажары басқа қырынан көрінеді екен. Алдымен «Шейіт болғандар аллеясына» бет алдық. Аталған аллея бұрын Ленин атындағы алаң болған екен. Жалпы халық тарихын, өткенін, құрбан болғандарды құрмет тұтатыны бірден байқалып тұрады. Шейіт болған әр азаматтың аты жеке-жеке қашалған мәрмәрлардың алды қызыл қалампырға толы. Гүлдерді халық ешкімнің нұсқауынсыз күнделікті жаңартып отырады екен…
Аллеядан төмен қарай жүрсеңіз, алдыңыздан теңіз көрінеді. Одан ары бүкіл қаланы алақандағыдай көресіз. Теңіз жағалауы көз тартатындай көркем: салтанатты ғимараттар, демалып жүрген мамыражай халық.
Баку Каспийдің жағасында, Баку шығанағына қарайтын Апшерон түбегінің оңтүстігінде орналасқан. Қаланың тарихы ежелгі дәуірден басталады, дегенмен оның нақты пайда болу күні әлі белгісіз. Орталық Азиядан Еуропаға дейінгі ежелгі сауда жолдарының бірі осы қала арқылы өткен. Батыс Баку арқылы тауарлар солтүстікке, Кавказ таулары мен Қара теңіз арқылы, одан әрі шығысқа қарай Ыстамбұл, Түркия асқан. Саудадан басқа, мұнайдың мол қоры болғаны, Баку айналасындағы ашық құдықтардан мұнай алынғаны туралы деректер орта ғасырлардан бері белгілі. Мұның бәрі Бакуге Кавказ аймағындағы маңызды және мәдени орталыққа айналуға мүмкіндік берген. Тоғыз жолдың торабында, мәдениеттер тоғысында қалыптасқанын қаланың сәулет өнері де айғақтап тұрғандай. Бакудегі ғимараттар мен тарихи ескерткіштері зороастр, христиан және ислам діні ықпалының дәлелі, сонымен қатар Бакудің қазіргі келбетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарған сасанидтер, ширвандар, османлылар, арабтар, парсылар мен орыс мәдениетінің ізі. Ал жаңа ғимараттары өзінше ерекше. Әдетте, тұздай көк шыны қапталған ғимараттар мұздай суық, жансыз сезіліп, көне ғимараттармен үйлеспей, ерекшеленіп тұрады емес пе? Мұнда мүлдем басқаша жаңа мен көненің өткен мен бүгіннің жарасым тапқан тұсы сияқты.
Кілемдер мұражайы, түрлі сауда орталықтары қаланың көркін аша түскен.
Жағалауды жағалай жүріп бара жатып дәмі тіл үйіретін түрлі жеміс-жидек сатып тұрған қарияға кез болдық. Мұнда жеміс-жидектің түр-түрі өседі және біз солардың уылжып пісетін шағына тура келген екенбіз. Бізді қаламен таныстырып жүрген өкіл қаражидектен дәм татқызды. Одан әрі төменге қарай беттеп, жолымыз қаланың көне бөлігіне, өздерінше айтқанда, «Ичери Шәхәрға» жалғасты.
Алдымен, алдымыздан көгілдір бақ көрінді, бақтың сәнін келтірген субұрқақ ерекше көзге түседі. Бұл бақты осыдан бірнеше жүз жыл бұрын қаланың беделді, дәулетті тұрғыны халық демалсын деп салдырған екен. Одан әрі жүрсеңіз ежелгі Ширваншах қамалы қақпасының алдынан шығасыз. Әуелде айтып өткендей, қаланың іргетасы қашан қаланғаны беймәлім болса да, XI ғасырдан бастап дамығаны анық екен, ол кезде аймақты Шығыс Кавказ Ширван шахтары басқарды. Ширваншах бекінісі Әзербайжанда сақталған бірнеше ортағасырлық қалалардың сарқыншағының бірі. Б.з.д. VII-VI ғасырларға телінетін 27 метрлік Қыз мұнарасы, XI ғасырдағы мешіт пен мұнара, жалпы көне қаланың орны ЮНЕСКО қорғауына алған әлемдік мәдени мұралардың қатарында.
Көне қаланың атмосферасы мүлде бөлек. Мұнда туристер көп келетіндіктен, түрлі дәмхана көп. Қолөнер бұйымдары мен кәдесыйлар сататын бұрыштардан халықтың өзіндік мәдени ерекшелігін де аңғаруға болатындай. Дәмхана демекші, әзербайжандардың тамақтану мәдениетіне деген көзқарасы, тәртібі де ерекше екен. Ұлттық тағамдарының да түрі көп. Шайды тосаппен ғана ішеді. Ал тосаптың 170-тен астам түрі бар. Палаудың 150-ден астам түрі бар екенін айтқанда, өзбектердің өзі таң-тамаша болғанын жасыра алмады. Тек табиғи өнімдерді тұтынуға тырысады екен, жеміс пен көкөніске химиялық қоспа қосуға заңмен тыйым салынған.
Елдің қонақжайлығы да – бөлек әңгіме. Қазақты бауырым деп санап, жақын тартатындары алғашқы күннен-ақ сезілді. Тек қазақ емес, түгел түркіні түбіміз бір туысқан деп санап, ерекше құрмет тұтады екен.
Тағы бір байқаған дүние – бірлі жарымы болмаса, өзара тек әзербайжан тілінде сөйлейді. Көшедегі жарнамалар мен дүкен маңдайшасындағы жазулар тек өз тілдерінде жазылған. Дегенмен басқа тілдерге де жүйрік. Тіл демекші, қазақ, қырғыз, өзбек әрқайсы өз тілінде сөйлесе де, түсінісу мүлде қиынға соққан жоқ. Әр сөздің әр тілде ұқсас екенін айтып, мағынасын қазбалап, мәре-сәре болып жаттық.
Жалғасы бар…
Астана – Баку