Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданында жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Ашық пікір алмасу өтіп, қордаланған мәселелер ортаға салынды. Қабылдауға құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен өкілдері қатысып, оңтайлы шешілуіне атсалысты, деп хабарлайды Turkistan-digest.kz.
Қабылдауға жазылған Ащыбұлақ ауылының тұрғыны жеке кәсіпкерлігіне мемлекеттік грант қарастыруды сұрап, көп балалы аналарға жәрдем көрсету туралы ұсынысын жеткізді. Ал Рабат ауылының тұрғыны ауылдық округтерге ауыз судың үздіксіз берілмеуіне наразы. Қызылқия ауылдық округі, Айнатас ауылының азаматы спорт кешенін салуды сұрай келе, білім саласындағы заңсыздықтар да ортаға салынды. Сонымен бірге алдын ала түскен өтініштер қатарында шаруа қожалығының жер мәселесін шешіп беруді, ауыл әкімдігі тарапынан көмек ретінде берілген жердің құжаттарын заңдастыру, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтарды көбейту мәселелері де бар. Қабылдауда осы және өзге түйткілдер айтылды.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қабылдау барысында тұрғындардың сұрағына заң аясында тұщымды жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша тиісті мамандар мен сала басшыларына ертерек шешімін табуды тапсырды.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыс әкімі тарапынан тұрақты түрде жеке қабылдау өткізіліп келеді. Қабылданған азаматтар тарапынан айтылған өтініш пен ұсыныс-пікірлер негізінде хаттамалық тапсырмалар берілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі