Бұл жолы Сауран ауданындағы бірнеше нысанды аралап, кәсіпкерлермен, тұрғындармен жүздесті.
Бүгінде Сауранда жиһаз өндірісі жақсы дамып келеді. Өңір басшысы Қарашық ауылындағы «Bahyt mebel» жиһаз жасау цехының жұмысымен танысты. Биыл іске қосылған жобаның құны – 20 млн. теңге, деп хабарлайды Turkistan-digest.kz.
Шағын цехта 10 адам жұмыспен қамтылған. Облыс әкімі цех иесіне шағын кәсіпкерлікті, өндірісті дамыту бағытында мемлекет тарапынан жасалатын қолдаулар туралы түсіндірді. Өңірде жиһаз кластерін дамыту жұмысы жүріп жатқанын, ол үшін арнайы жер бөлінгенін, жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтті. Аудан әкімі мен Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Turkistan» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басшылығына кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарын ширату жөнінде тапсырма берді.
Одан кейін облыс әкімі Қарашықтағы жеке кәсіпкердің гүл өсіретін жылыжайында болды. Жылыжай 2010 жылы іске қосылған. Жобаның құны – 20 млн. теңге.
– Ауыл шаруашылығы – негізгі драйвердің бірі. Тұрғындарға осы саланы, кәсіпкерлікті насихаттап, қолдау көрсеткен жөн. Аудан әкімдігі, жауапты басқармалар «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жұмысты жандандырып, тұрғындардың іс бастауына көмектессін. Жұмысты ширатыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Өңір басшысына «Қарашық» спорт кешенінің жұмысы таныстырылды. Жеке кәсіпкер салған нысанның құны – 230 млн. теңге. 2021 жылы пайдалануға берілген спорт кешенінде 8 адам жұмыспен қамтылған. Спорт үйрімелерінде 320 тұрғын тұрақты түрде спортпен айналысады.
Іссапар барысында спорт және өзге де әлеуметтік нысандарды салуға жеке инвесторларды тартудың маңызы зор екені айтылды. Облыс әкімі тарапынан жауаптыларға тиісті тапсырмалар беріліп, міндеттер жүктелді. Сауран ауданын дамыту жұмысы жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі