Ақтөбе облысында пәндік олимпиадаға бара жатып қайтыс болған оқушылардың бірі 10,екіншісі 11 сыныпта оқыған. Мұғалімдері екеуі де мектептің мақтанышы болғанын айтты, деп хабарлайды Turkistan-digest.kz.
"Дәулет Қонақбай — өте алғыр, озат оқушымыз еді. Биыл мектеп бітіргелі отырған түлегіміз. "Алтын белгіден" үміткер. Математикадан жүйрік болды. Пәндік олимпиадаға да осы пәннен қатысуға бара жатқан еді. Ал 10-сыныпта оқитын Назкен Сайранқызы сабақты жақсы оқып қана қоймай, спортқа бейім болды. Гір көтеруден ауданның чемпионы, облыстық жарыстың жүлдегері, ал қол күрестен облыс чемпионы болды. Жарқырап тұрған балалар еді. Қазасы қабырғамызды қайыстырды", - деп еске алды Темірастау орта мектебінің ұжымы.
Естеріңізге салсақ, кеше Ырғыз ауданына бара жатқан жолда жеңіл көлік жүк көлігіне соғып, мұғалім мен екі кәмелеттік жасқа толмаған оқушылар қайтыс болған еді. Олар республикалық пәндік олимпиаданың аудандық іріктеу кезеңіне бара жатқан.