Түркістан: Ордабасы аудандық ауруханасы жаңа саймандармен толықты

Ордабасы аудандық Орталық ауруханасының емдеу базасы жаңа заманауи құрал-жабдықтармен толықты.

Атап айтқанда, емдеу орталығына әртүрлі өкпе патологияларын анықтау мақсатында қолданылатын бронхоскопиялық аппарат, транскраниалдық эхографиялық тексерулерді жүргізетін жоғары эксперттік ультрадыбыстық зерттеу аппараты (Samsung Madison HS40), өкпені жасанды желдету аппараты (ИВЛ), науқастарды тасымалдауға арналған медициналық кереуеттер жеткізіліп, пайдалануға берілді. 
Аталған аппараттармен жұмыс істеу мақсатында бірнеше дәрігер біліктілігін арттырып, қайта даярлаудан өткен, деп хабарлайды Turkistan-digest.kz.


Сондай-ақ, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының аудан тұрғындарымен кездесудегі өтініші негізінде аудандық ауруханаға «Euroampli Alien Cardio» жылжымалы ангиографиялық жүйесі орнатылды. Ал 3 жаңа медициналық қондырғы 2024 жылы халық игілігіне пайдалануға берілмек.
Аудандық Орталық ауруханасының Бас дәрігері Болатхан Сағымбековтың айтуынша, қондырғылар адам денесіндегі тамырларды зерттеп, олардың жағдайы мен жұмысын анықтауға мүмкіндік береді.


Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Loading...