Түркістан облысында қоқыс тастайтын полигон орындарын оңтайландыру жобасы әзірленді

Түркістан облысындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласындағы өзекті мәселелер бойынша арнайы жиын өтті.

Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану реттеу басқармасының басшысы мен сала мамандары мен Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және экология департаментінің өкілдері қатысты. Онда Түркістан облысы бойынша қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигондарды оңтайландыру, экологиялық және санитариялық нормаларға сәйкес келтіру жөніндегі Жол картасының жобасы талқыланды, деп хабарлайды Turkistan-digest.kz.


Жол картасында қоқыс тастайтын полигон орындарын талапқа сәйкестендіру және полигондарды оңтайландыру жолымен қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру.
Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев өз баяндамасында бүгінгі күні облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар тастауға 159 полигон орны белгіленгенін жеткізді. Алайда оның 70 % санитарлық талаптарға сәйкес келмейді.

Сонымен қатар бей-берекет қоқыс орындары да басты назарда. Үстіміздегі жылы ғарыштық түсіріліммен облыста 414 бей-берекет қоқыс үйінділері анықталып, толығымен жойылғандығын мәлімдеді. Өткен жылы қоқыстарды қайта өңдеу үлесі бойынша меже толық орындалған. Биыл жылдық жоспар 23% жоспарланған. Жыл қорытындысымен аталған көрсеткішке қол жеткізіледі деп күтілуде.
Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы жинақталған қатты тұрмыстық қалдықтардың қоршаған ортаға зиян екенін айтып, оны тұрғындардан жинау, тасымалдау және жою мәселесін тұрақты бақылауға алып, жұмыстарды ширатуды тапсырды. 


Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Loading...