Түркістан облысында ағаштар саны артады

Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің қатысуымен 2023 жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылау мақсатында жиналыс өтті.

Аталған шараға ҚР Ауыл шаруашылығы академиясының «Ясауи» білім тарату орталығының директоры Битөре Жұмақанов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың «Жаратылыстану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұғман Аралбай, басқармаға қарасты мекеме директорлары мен тұқымбақтың жағдайына және көгалдандыру саласына жауапты мамандар қатысты, деп хабарлайды Turkistan-digest.kz.

Онда Президенттің Жолдауына сәйкес, орман қоры аумақтарына 2021-2025 жылдары 2 млрд. дана ағаш отырғызу жөніндегі кешенді жоспардың орындалу барысы, тұқымбақтардың бүгінгі күнгі нақты атқарылған жұмыстары және елді мекендерді көгалдандыру бағытындағы жұмыстар, ағаш өсірудің проблемалары талқылынды.

Күн тәртібінде 5 мәселе қаралып, кемшіліктер екшеліп, жауапты мамандарға 2024 жылға жоспарланған көшеттерді егу жұмыстарын тоқтаусыз жүргізу бойынша тапсырмалар берілді.

– Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы елді мекендерге егілген ағаштарды күтіп-баптау, өсіру ісін сапалы атқаруды, өңірде ағаш өсіретін тұқымбақтардың санын арттыруды және көгалдандыруға қатысты жұмысты күшейте түсуді тапсырған болатын. Елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттердің сапасын әрі тұқымбақтардың санын арттыру керек. Облыстағы тұқымбақтар өңірдегі елді мекендерді толық қамтамасыз етуі қажет. Келесі жылы қанша ағаш отырғызылғаны, оның ішінде қаншасы өнгені туралы мәлімет әзірленуі тиіс. Алдағы уақытта тек бейімделген, өңірде жақсы өсетін ағаштар еккен жөн. Көгалдандыру үшін егілген ағаштардың сапасын қадағаланып, мамандармен қамтылсын. Тұқымбақтардың күтімі мен жерсінуін қадағалау – уақыт талабы. Келешекте ғалымдармен бірлесіп, ақылдасып атқаратын жұмыстар көп, – деді басқарма басшысы.

Түркістан қаласының айналасынан 31,4 мың гектар аумақта «Жасыл белдеу» құру жобасы аясында жалпы 16 мың гектар жерге ағаш көшеттері отырғызылды. Қазіргі таңда межені 42 мың гектарға жеткізу қолға алынып отыр. Басқармаға бағынысты коммуналдық мемлекеттік мекемелердің тұқымбақтарында көшет өсіріп шығару үшін қосымша қаржы бөлініп, жалпы 35,3 млн. көшет өсірілуде. Соның ішінде бүгінгі таңда 5 млн. ағаш елді мекендерге тегін үлестірілді. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 50 миллионға жеткізу жоспарлануда.

Айта кетейік, Түркістан облысында «Экологиялық жағдайды жасыл желектерді дамыту жолымен жақсарту және ауыл шаруашылығы дамуындағы мәселелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Оған Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан мен Пәкістан елдерінен келген академиктер мен профессорлар мен еліміздің эколог және орман шаруашылығы мамандары, ғалымдар мен профессорлар қатысып, олар Түркістанды жасыл желекке орау бойынша қажырлы еңбекке оң бағаларын берген еді.

Жиын соңында басқарма басшысының сапалы әрі нәтижелі жұмыстарын ескере отырып, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен Құрметті профессор куәлігі тапсырылды. Оны «Жаратылыстану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұғман Аралбай табыстады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Loading...