Дархан Сатыбалды жаңа нысандармен танысты

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығындағы құрылыс нысандарын кезекті рет аралады.

 Өңір басшысы алдымен «Белсенді демалыс саябағы» нысанының құрылыс барысымен танысты. Жауаптылар мен мердігерлерге жұмысты сапалы атқаруды тапсырды, деп хабарлайды Turkistan-digest.kz.

 – Әлеуметтік нысан болсын, демалыс орны болсын бәрі халықтың қаражатына салынатындықтан үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеу керек. Жүйелі жұмыс атқарыңыздар. Бөлінген қаржы тиімді жұмсалып, құрылыс талапқа сай болуы қажет,– деді Дархан Сатыбалды.

 «Белсенді демалыс саябағы» нысанының құрылысын «Компания өнім» ЖШС жүргізіп жатыр. Саябақтың жалпы аумағы – 10,5 гектар. Қатты жабын аумағы 42776,96 шаршы метр болса, көгалдандыру алаңы – 61891,78 шаршы метр. Мұнда тропикалық өсімдіктері бар жылыжай, сахна, трибуна, 2 субұрқақ, ойын алаңы, 2 скейтбординг және шатырлар салынады. Сонымен қатар саябақта түрлі ағаштар, бұталар, гүлдер егіліп, көгалдар төселуде.

 Облыс әкімі одан кейін Түркістандағы оңалту орталығының құрылысын қадағалады. Тапсырыс беруші – «TURKISTAN INTERNATIONAL AIRPORT» ЖШС. Жобалаушы – «NKY Architects & Engineers KZ» ЖШС. Оңалту орталығына тиесілі жер телімінің алаңы – 1,56 гектар. Ғимараттың жалпы алаңы – 2 227,41 м2. Нысан аумағының 5507 шаршы метрі көгалдандырылса, 2012 шаршы метріне балалар ойын алаңы салынбақ.

 Жауапты басшылармен және мердігерлермен кездескен облыс әкімі бұл нысанның маңызына тоқталды. Тиісті ұсыныстарды тыңдап, жұмысты уақтылы атқару керектігін ескертті.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Loading...