Түркістанда бақылау-қадағалау органдарының бизнес-қауымдастық алдындағы «Бірыңғай есеп беру күні» іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Turkistan-digest.kz.
Жиынға Түркістан облысы әкімдігі, облыстық прокуратура, мемлекеттік бақылау және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың территориялық департаменттері, Кәсіпкерлер палатасының өкілдері және онлайн режимде аудан, қалалардың бизнес өкілдері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – бақылау-қадағалау органдары мен кәсіпкерлерді кездестіру, мемлекеттік бақылау және қадағалауды жүзеге асыру нәтижелерін кәсіпкерлік субъектілерімен талқылау және бизнес-қауымдастықпен кері байланысты қалыптастыру. Кездесуде бақылау және қадағалау органдары тарапынан атқарылған жұмыстар, салаға қатысты заңнамадағы жаңалықтар мен өзгерістер туралы сөз қозғалды.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарманың мәліметіне сәйкес, осы жылдың 9 айында жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 661 тексеру тағайындау туралы актілері тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,6%-ға төмендеген. Яғни, 2023 жылдың 9 айында 661 акт тіркелсе, 2022 жылы 771 тексеру тағайындалған.
Жиын барысында Мемлекеттік кірістер департаменті, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Облыстық бақылау басқармасы және өзге де мекемелердің өкілдері кәсіпкерлікке қолдау көрсету бағытында ой қозғады. Іс-шара соңында кәсіпкерлер құзырлы орган қызметкерлеріне көкейдегі сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі