Түркістан: Сарыағашта жаңа әдіспен құлпынай өсірілуде

Бүгінде Сарыағашта құлпынай өсірушілер қатары артып келеді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, Тегісшіл ауылдық округі, Мәдениет елді мекеніндегі құлпынай өсірумен айналысатын «Абдураман» шаруа қожалығында болды, деп хабарлайды Turkistan-digest.kz.

Жеке кәсіпкер жылыжай шаруашылығын дамытуға заманауи технологияны енгізіп, құлпынай өндірісін қолға алып отыр. 2023 жылы жұмысын бастаған жобаның инвестициялық құны 300 млн теңгені құрайды. Жаңа заманауи технологиямен шаруасын дамытып отырған кәсіпкер Аширафи Шимбергенов 2,5 га алқапта жылу жүйесін қажет етпейтін заманауи үлгіде жылыжай құрылысын салып, құлпынай өсіруде. Жаңа технологиядағы жабық топырақтағы құлпынай аумағы  – 13 гектар. Мұнда тұрғындар 15 тұрақты, 40 маусымдық жұмыспен қамтылған. Жылыжайдың ерекшелігі – күн сәулесі және арнайы тігілген көрпешелер арқылы өсіріледі. Қожалық иесінің сөзінше, өнімділік 3 жыл ішінде кемінде 50 тонна өнім  береді.

10 жылдық тәжірибесі бар жеке кәсіпкер Италия және Нидерланд елінде осы саладағы кәсіби мамандармен тәжірибе алмасқан. Қазіргі таңда жоба технологиясы бойынша құлпынайларды ашық далада тығыз орналастыру және күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Тамшылатып суарудың автоматты жүйесі қолданылған.  Нәзік дақылды өсірудің қыр-сырын меңгерген кәсіпкер Кореядан ұрық алдырып, көшеттерін өзі өсіріп, ішкі нарыққа саудалауда.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды кәсібін дөңгелетіп отырған азаматпен кездесіп, алдағы жоспарларын тыңдады. Шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын айтты. 

Бүгінде Сарыағашта құлпынай өсірушілер қатары артып келеді. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жалғасады.

Облыс әкімі Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округі аумағындағы жеке кәсіпкер Андасов Амантайдың кәсіпорнында болды.  Жеке кәсіпкер «Амантай-Пласт» ұжымы жалпы құны 150,0 млн теңгені құрайтын пластикалық өнімдер шығару цехын ашуда. Кәсіпкер өз қаражаты және «Ауыл аманаты» жобасы аясында 8,0 млн теңге несие алып Қытай Халық Республикасының «Yumoto» компаниясынан арнайы 3 қондырғы алып келген. Цехта тәулігіне 4000 дана пластикалық жәшік шығарылуда. 25 адам тұрақты жұмыс орындармен қамтылған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Loading...