«Түркістан таланттары» жобасы бастау алғалы облыс орталығында, содан соң аудан, қалаларда қаламгерлердің кеші өткізіліп, оқырман қауымның ерекше ықыласына бөленіп жүр, деп хабарлайды turkistan-digest.kz
Тәрбиелік маңызы бар жоба бүгін Сайрам ауданында жалғасты. Кеш кейіпкер ретінде ауданның тумасы, қарымды қаламгер Нұрғиса Төремұратовпен және белгілі жас ақын Мұқағали Кенжетайұлымен кездесу өтті. Кеште ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым модераторлық етіп, кейіпкерлер шығармашылығын елге танытуға атсалысты.
Алдымен келушілерге «Өлең – сөздің патшасы» тақырыбында жасақталған кітап көрмесі таныстырылды. Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Алипов, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова және аудандық «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов кешті ашып берді. Кеш кейіпкерлеріне Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов атынан алғыс хат табысталып, сый-құрмет көрсетілді.
Кеш кейіпкерлері сахна төрінде жиналған көрерменге өлең оқып, келушілермен сырласты. Қаламгерлер жайлы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Мектеп оқушылары ақындардың өлеңін оқып, әдебиетке асқан қызығушылық танытты. Әдеби-мәдени кеште ақындар сөзіне жазылған әндер шырқалды.
Айта кетейік, аталған жобаны өңірдегі қаламгерлердің өнерін қалың оқырманға таныстыру мақсатында Түркістан облысы әкімдігі, облыстық мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалы және облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы бірлесе ұйымдастырған.