Бүгін Түркістанда Ұлыстың ұлы күніне арналған «Армысың, әз Наурыз!» салтанатты іс-шарасы өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, түркістандықтар мен облыс қонақтарын Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды turkistan-digest.kz
– Наурыз – молшылық пен тоқшылықтың мейрамы! Біз үшін 5 мың жылдан бері тойланып келе жатқан айтулы мерекенің орны айрықша. Түркістан өңірінде Наурыздың өте жоғары деңгейде өтуі – табиғи заңдылық. Себебі, Ұлы Тұран даласы – тарихымыз бен болмысымыз сақталған қасиетті өлке! Наурыз – Оңтүстіктен басталады! Сондықтан еліміз бен шет елдің саяхатшылары Наурызды қасиетті Түркістанда қарсы алуды қалайды. Мәселен, биылғы Ұлыстың ұлы күніне орай, Түркістанға келуші саяхатшылар саны 20 мыңнан асып отыр. Әуе рейстерінің артуы, қонақүйлердің 100 пайыз толуы – Түркістанның туристік орталыққа айналғанын көрсетеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістанға ерекше мәртебе беру бағытында белсенді жұмыс жүріп жатыр. Заң жобасы әзірленді. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бен ұлы хандарымыз өмір сүрген Түркістанды әлемдік деңгейдегі туристік және рухани орталыққа айналдыруды басты бағытқа алдық. Өңірде маңызды жобалар жүзеге асып, туристік, әлеуметтік, экономикалық салалардағы әлеуеті көтеріліп келеді. Оның ішінде әрбір облыс тұрғынының орны ерек. Әр шаңырақ – шаттыққа, еліміз берекеге толсын! – деді Дархан Сатыбалды.
Наурыз мейрамы аясында халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін, еліміздегі жүзеге асырылып жатқан жаңа реформаларды ілгерілету аясында Түркістанға шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келді. Мерекелік шараны тамашалаған соң, облыс басшысы арнайы келген қонақтармен кездесіп, сұхбаттасты. Шетелдік қонақтар Наурыз мейрамының өту барысын қызықтап, қазақ мәдениетімен, түркі әлемімен танысты. Ұлттық қолөнер және тағамдар көрмесін, ұлттық спорт түрлерінен сайысты тамашалады. Әуелей шырқалған ән мен күмбірлеген күй де, мың бұралған бишілердің өнері де келушілерді тамсандырды. Ал театрландырылған музыкалық хореографиялық қойылым көптің жоғары бағасына ие болды.
Өткен жылы облыс экономикасына 972 млрд. теңге инвестиция тартылып, көлемі 2,6 есеге артты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн. АҚШ долларын құрады. Қыстың соңынан ауыл-аймақтарда дала жұмыстары, егіншілік басталып кетті. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 873 мың гектарға жетеді. Жер жырту жұмыстары аяқталуға жақын. Егістік көлемі 3,4 мың гектарға артуда. Облыста қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. Жалпы көлемі 5 мың гектардан асты. Түркістан облысында 180 мыңдай көпбалалы ана бар. Биыл өңірде 49 денсаулық сақтау нысаны, 44 мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Айта кетейік, биыл ҚР Президентінің бастамасымен Ұлыстың ұлы күні ерекше тойлануда. Наурызнама атауы берілген онкүндіктің әрбір күніне игі атау беріліп, ұлттық құндылық дәріптеліп жатыр. «Көрісу күні – Амал мерекесінен» бастау алып, «Наурыз – мейірімділік мерекесі», «Наурыз – салт-дәстүрдің жаңғыруы», «Наурыз – тәрбиенің бастауы», «Ұлттық киім күні», «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы», «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, татулықтың бастауы», «Ұлттық спорт күні», «Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз!» «Қош келдің, әз Наурыз!», «Наурыз – тазалықтың айнасы» атауымен жалғасын тауып келеді.