Түркістан: МӘМС жүйесіне тұрғындарды қамту шаралары жалғасып жатыр

45196 азамат жұмыспен қамтылды

Фото Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысы бойынша мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тұрғындарды қамту жұмыстары жалғасуда. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен кезекті өңірлік штаб отырысында айтылды, деп хабарлайды turkistan-digest.kz, Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы, денсаулық сақтау басқармасы, Мемлекеттік кірістер департаменті, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, медициналық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлік және білім басқармасының қызметкерлері мен онлайн байланыс арқылы аудан, қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары қатысты.

Жиын барысында Түркістан облысы бойынша МӘМС жүйесіне тұрғындарды қамту шаралары туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы директоры Нұрлан Қыдырбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, өңірде медициналық ұйымдарға 2 052 508 азамат тіркелген. Ал, ГБДФЛ ақпараттық жүйесінен сәуір айындағы жүктелген мәліметтерге сәйкес, МӘМС жүйесінде сақтандырылғандар саны – 1 млн 650 мыңға жуық (80%), сақтандырылмағандар 400 мыңнан астам (20%) адамды құрады.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде сақтандырылмағандардың ішінде 45196 азамат жұмыспен қамтылды.

Қор филиалы тарапынан 20 мыңға жуық адаммен сауалнама алынып, МӘМС жүйесі бойынша ақпараттық түсіндіру жұмысы жүргізілді. Тізімге талдау жүргізу барысында республиканың басқа аймағына және шет елдерге қоныс аударған мәртебесі нақтыланды. Бұдан бөлек, тұрғылықты мекенжайы бойынша тұрмайтын, жүйеге қатысқысы келмейтін, медициналық көмекті ақылы алып жүрген, үй шаруасындағы, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жұмыссыз және жалдамалы жұмысшылар, шет елде оқитын студенттер мен шет елден зейнетақы алатын зейнеткерлер анықталды.

Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға арнайы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және анықтау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Айта кетейік, Түркістан облысында 2 миллионнан астам халық бар. Соның ішінде азаматтардың 80 пайыздан астамы МӘМС жүйесіне сақтандырылған.

 

Loading...