«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығында төлебилік жастар қариялардың ауласына сенбілік жұмыстарын атқаруда,- деп хабарлайды tirkistan-digest.kz порталы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Тазалық шаралары барысында аудандағы барлық ауылдық округтердегі жалғызбасты қарттардың ауласы қамтылуда. Бүгін аудан жастары 87 жастағы Майдан Жатақбаеваның ауласын тазалап, бау-бақшасын ретке келтірді. Одан бөлек, қарияның үй жұмыстарына көмек беріп, аулада көгалдандыру шараларын жүргізді.
Бүгінде Төлеби ауданында акция аясында көгалдандыру және тазалық шаралары белсенді түрде жүргізілуде. Науқанның әрбір күніне іс-шаралар бекітіліп, үш апта көлемінде көшеттер отырғызылып, абаттандырылды. Еске сала кетсек, еліміз бойынша экоакция аясында 27 сәуірден 4 мамырға дейін - «Өнегелі ұрпақ», ал 4-11 мамыр аралығы – «Мөлдір бұлақ» апталығы өтеді.