"Таза Қазақстан": Түркістандық табиғат жанашырлары бұлақ көздерін тазалады

Акцияға 368 адам атсалысқан

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістандықтар «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, белсенділік танытып жатыр. Бұл апта қорытынды апта.  «Мөлдір бұлақ» апталығында арықтар мен бұлақ көздері тазаланбақ,- деп хабарлайды turkistan-digest.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осы бағытта Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» акциясының «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында Құсшы ата ауылындағы «Балауса» лагерінде  сенбілік өтті. Бұлақ көздерін ашу және айналасын күл-қоқыстан тазарту мақсатында өткен сенбілікке  басқарма басшысы Қайрат Абдуалиев бастаған  30-дан астам  қызметкерлер қатысып, демалыс орнының  маңындағы қоқыстарды тазалады.

Мамандардың айтуынша, бұл акцияны өткізу облысымыздың қоршаған ортасының экологиялық жағдайын жақсартады, табиғат байлығы – бұлақ көздерін қорғай білуге, өлкеміздің табиғи ресурстарын аялауға үлгі болатыны анық.

Жалпы бүгінгі таңға  дейін «Таза өлке», «Киелі Мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ»  экологиялық акциясына  368 мыңға жуық адам атсалысқан. 

«Таза өлке» науқанында 4 352 шақырым көше бойлары және 120 мың шақырым аяқжолдар тазаланды. Бұдан бөлек, 608 шақырым өзен, көпір, канал бойлары және 1 380 көпқабатты тұрғын үй аулалары тазаланды. Нәтижесінде 1 225 тонна қоқыс шығарылған. Ал «Киелі мекен» апталығында 226 ауқымды іс-шара өткізіліп, тарихи-мәдени орындар тазартылды. Аталған жұмыстарға 22 251 адам, 496 техника тартылып, 1 410 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ «Жасыл аймақ» науқанында 153 мыңнан аса ағаш егіліп, 175 мыңға жуық тал түптері әктелді. Сонымен қоса 346 саябақ-скверлер, 731 балалар ойын алаңшалары тазаланды. Акциясының төртінші «Өнегелі ұрпақ»  апталығында 396 іс-шара өткізіліп, 768 көше бойлары және 322 шақырым аяқжолдар мен көпір мен каналдар бойы тазаланды. Сонымен қатар 89 саябақ, балалар алаңшалары реттеліп, 60-тан аса қарт кісілердің үйлеріне тазалық жұмыстары жүргізілді. Тазалық шарасына 16 566 адам, 433 техника тартылып, 532 тонна қоқыс шығарылды. 

Айта кетейік, алдағы уақытта игі шара мұнымен тоқтап қалмай, жалғасын таппақ.

Loading...