Түркістан: Ұлттық спорт жанашырларына «Қазығұрт тұғыры» сыйлығы тапсырылды

Түркістан облысы,  Қазығұрт аудандық Көкпар федерациясының ұйымдастыруымен «Қазығұрт тұғыры» атты мерекелік іс-шара өтті.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Айтулы шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы қатысып, түркі халықтарының дәстүрі мен өнерін, ептілігі мен тектілігін, бірлігі мен ерлігін паш ететін көкпар ұлттық спортын дәріптеп жүрген ел ағалары мен шабандоздарды мерекелерімен құттықтады. Арнайы Алғыс хаттар табыстап, әлі талай дүбірлі додаларда білекті де жүректі жігіттерінің мерейі үстем боларына сенетінін айтты, деп хабарлайды Turkistan-digest.kz.

Шараның мақсаты – атадан қалған дәстүрді жалғап, ат баптау, көкпар тарту секілді ұлттық спорт ойындарын кеңінен дәріптеп, көкпар ұлттық ойынында көптеген жетістікке жеткен аға буын өкілдерін бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп, сый-құрмет көрсету. Сондай-ақ игі шара барысында өткен  жылдың қорытындысы бойынша халықаралық дәрежеде, республикалық деңгейлерде, қала берді облыс және аудандық додаларда көкпар тартып, ел мерейін асырып жүрген шабандоздарды, үздік атбегілер мен төрешілерді марапаттап, ынталандыру сыйлықтарын табыстады.

Айта кетейік, осы күнге  дейін Астана қаласында өткен «Алтын тұғыр» және Түркістан облысында болған «Тұран тұғыры» іс-шарасының жалғасы ретінде ұйымдастырылған «Қазығұрт тұғыры» шарасы өңіріміздегі аудан-қалалар арасында алғаш рет Киелі Қазығұрт ауданында тойланып отыр. Осындай ізгі шара алдағы жылдары да жалғасын табатын болады.
 
Түркістан облысы әкімінің  баспасөз қызметі

Loading...