Осы мақсатта Түркістан облысында 4 аудандық орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, медициналық мекемелер материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілетін болады. Аталған жұмыстарға қажетті қаражат республикалық бюджеттен қаралып отыр, деп хабарлайды Turkistan-digest.kz.
Айта кетейік, былтыр Ордабасы аудандық орталық ауруханасының жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Сонымен қатар, биыл жыл соңына дейін Сарыағаш және Жетісай аудандық орталық ауруханаларының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Сарыағаш ауданындағы орталық ауруханаға арнайы барып, жөндеу жұмыстарымен танысты. Сапар аясында мердігер мекемеге нысанды уақытылы әрі сапалы аяқтау қажеттігі тапсырылды. Ел тығыз орналасқан шекаралы аймақта заманға сай аурухана болу қажеттігі айтылды.
Ал Сайрамдағы медициналық нысанның жобалық сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Аурухананың жөндеу жұмыстары 2024 жылы басталады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі