Түркістан: Шардарада жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін зауыт бар

«Казкрахмал» ЖШС зауыты жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеуге қауқарлы көрінеді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Биыл Шардара ауданында құрылысы басталған жүгері өңдеу зауыты шаруалардан жүгері қабылдауды бастады,- деп хабарлайды Turkistan-digest.kz порталы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Жобаның жалпы құны – 31 млрд. теңге. Осы жоба арқылы аудан бойынша 550 жұмыс орнын ашу көзделген.  

Аудандағы индустриалды аймақта орналасқан ірі өндіріс орнының құрылысы 2 кезеңнен тұрады. Жұмыстың алғашқы легі басталып та кетті. Қазіргі таңда жүгеріні сақтау және кептіру кешенінің құрылысы аяқталды. Екінші кезеңде жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылы толық іске қосылады. 35 гектар аумақта орналасқан зауытта крахмал сірнесі өндірілмек. Бұл дақылдың құрамында 75%-ға дейін қант бар. Сондықтан өнімді өндірістік мақсатта, яғни табиғи қант алмастырғыш ретінде пайдалануға болады екен. Осы ретте крахмал-сірне зауыты еліміздегі ірі кондитерлік фабрикалар мен сусын шығаратын зауыттарды қажетті өніммен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл бір жағынан шетелден келетін шикізат өнімдерін алмастыратын бірден-бір зауыт болып табылады.

Айта кетейік, аталған өнімдерден бөлек зауыт түрлендірілген крахмалдың 20-дан астам түрін: мальтоза және глюкоза балшырындарын, глютен, жүгері майын, ұрық, кебек, түйірленген құрама жем шығаратын болады. Ал сірне – осы крахмалдан алынатын қою шәрбәт тәрізді тәтті өнім. Бұдан бөлек, өндіріс орны крахмал-глюкозалық қант пен тағамдық глюкозаны өндіреді.

Сондай-ақ, зауыт өнімдерін Азия және Еуропа елдеріне экспорттамақ жоспарда екен. Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарының шаруалары жүгері егудің тиімділігіне толықтай көз жеткізгенше зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгеріні кәсіпкер өздері егіп отыратын болады. Бұл дегеніміз зауыттың еліміздің экономикасына қосар үлесі мүмкіндігінше артып отырады деген сөз.

Loading...