Жиында Түркістан облысы прокуратруасының кәмелетке толмағандардың құқығы мен заңды мүдделерін сақтау, балалар арасындағы және оларға қарсы құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстарына жасалған талдаудың қорытындысы бойынша берілген ұсыныстар қаралды. Жиынға төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев балалар құқығын қорғау бағытындағы жұмыстарды сапалы атқару керектігін айтты, деп хабарлайды Turkistan-digest.kz.
– Облыстағы мектептерде қауіпсіздікті сақтау бойынша 894 білім ошағына 7 мыңнан астам бейнекамера мен турникет, қоршау, дабыл батырмасы орнатылуда. Ол мақсатта 5,9 млрд. теңге қаралып, жыл соңына дейін «Қауіпсіз мектеп» жобасы толық іске асады. Дегенмен бұл мектеп аумағында ғана. Бұдан тыс, әрбір маман өзіне тиесілі жұмысты атқаруы тиіс. Құр есеппен жиынды жаба салуға болмайды. Бұл бір күн қаралып, реттеле салатын нәрсе емес. Жыл бойы айналысатын шаруа. Сондықтан әркез назарда ұстаңыздар. Бала кіммен тұрады, қандай отбасыда өмір сүреді, әлеуметтік жағдайы қалай? Бәрін анықтап, зерделеу жасап, мәліметтер базасын толықтырып шығыңыздар. Сондай-ақ Түркістан облысында «ARTSPORT» бағдарламасы жүргізіліп жатқанын білесіздер. 30 мың баланы тегін үйірмемен қамтуға қаржы бөлініп отыр. Ол үйірмелерге алдымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларын тартыңыздар. Балаларды осындай тегін ұйымдарға тіркеу жағын қарастырыңыздар, – деген Бейсен Тәжібаев қоғамдағы жасөспірімдерге қатысты келеңсіз жағдайлардың алдын алу жөнінде де ұсыныстар мен тапсырмалар берді.
Комиссия отырысында полицияға, құзырлы органдарға Отырар ауданында тіркелген кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты құқықбұзушылықты терең талдап, заң аясында қатаң шаралар қабылдау ұсынылды. Аталған мәселе бойынша Полиция департаменті тарапынан жедел тергеу топы құрылып, жұмыстар жүріп жатыр. Күдікті қамауға алынған.
Жиында Түркістан қаласы мен Жетісай, Төлеби ауданындағы комиссия төрағалары кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық, оларға зорлық-зомбылық және өзіне өзі қол жұмсаудың алдын алу жөніндегі атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымының түлектерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша баяндама жасалды. Кешкі және сыртқы білім беру ұйымдарында білім алушыларды, өмірде қиын жағдайда жүрген кәмелетке толмағандарды әлеуметтік оңалту жөніндегі жұмыстардың жүзеге асырылуы да назардан тыс қалмады.
Облыс әкімінің орынбасары бұл бағыттағы мәселелердің алдын алу бойынша тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бала өміріне, біліміне, құқығына жауапты әрбір мекеме өз ісіне мұқият болуы керектігін айтып, балалар құқығы бойынша жалған мәлімет беретін жауапты басшыларға қатаң шара көрілетіндігін ескертті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі