Қоғамдық көліктерді табыстау салтанатына Түркістан облыстық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысты, деп хабарлайды Turkistan-digest.kz.
Облыс орталығында қазіргі уақытта 21 қоғамдық көлік бағыты бар. Оларға 2 тасымалдаушы мекеме («Жолаушы» ЖШС, «ТехПрофАвто» ЖШС) 220 дана қоғамдық көлікпен қызмет көрсетеді. Түркістан қаласы облыс орталығы статусын алғалы шаһарға жаңа 144 автобус алынған. Бүгін жаңадан алынған автобустар №7 және 31 бағыттарда қатынайтын болады.
ЕВРО-5 экологиялық стандарттарына сәйкес жаңадан келген «Saz LE-60» маркалы автобустар Өзбекстан елінде өндірілген. «Жолаушы» ЖШС тасымалдаушы мекемесі әр автобусты 50 млн теңгеден лизингпен алған. Жалпы сыйымдылығы - 60 адам. Автобустар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандуспен және қауіпсіздікті сақтау мақсатында бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Жоғарыда аталған бағыттардың барлығына электронды төлем жүйесі енгізілген.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі